Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айы басталуымен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құрметті отандастар! Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл. Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді. Оразаның рухани құндылықтарын қазір әлемде болып жатқан күрделі ахуалды ескере отырып, кемел санамен қабылдау, оның түпкі мағынасын дұрыс түсіну – үлкен имандылықтың белгісі. Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістердің, түбегейлі жаңғырудың тарихи кезеңіне қадам басты. Жаңа халықтық Конституция жобасы республикалық референдумға шығарылды. Бұл өрлеу және әділеттілік даңғылына түскен мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын негізгі Заң болмақ. Бас құжат мыңдаған жыл тарихы бар мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздегі саяси, азаматтық, экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіріп, күшейтуге жол ашады. Біз дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарымызды қастерлей отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды терең түсінетін әрі мүлтіксіз сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұлағатымен толық үндеседі. Білімге, тазалыққа және жақсылыққа бастайтын өркениетті қоғамда Рамазан айы жаңа рухани мәнге ие болып, барша жұртқа шапағатын тигізетіні сөзсіз. Қасиетті Рамазан құтты болсын, мұсылман жамағаты!" - деді Президент.
Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.
"Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім".
"Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, саған иман келтірдім, саған тәуекел еттім. Берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнәмді кешіре көр!"
ҚМДБ мәліметінше, 17 наурызға қараған түн - қасиетті Қадір түні, ал 20 наурыз - Ораза айт мерекесі.
Ораза - мұсылмандар үшін маңызды құлшылықтың бірі. Ол - тек ас-судан тыйылу емес, рухани кемелденіп, сабыр сақтап, өзін-өзі тәрбиелейтін ерекше ғибадат.
Бұрын ораза ұстап көрмесеңіз, бірден кірісу қиын болуы мүмкін. Сондықтан өзіңізді біртіндеп дайындау қажет.
Тағы да оқи отырыңыз:
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!