Тоқаев “Қазақстан барысы - 2026“ турнирінің жеңімпазын құттықтады

Тоқаев “Қазақстан барысы - 2026“ турнирінің жеңімпазын құттықтады
Фото: Қазақстан Барысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жантілек Нұртілепұлын "Qazaqstan Barysy - 2026" турниріндегі айқын жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент бұл жетістік спортшының жеңіске деген ерік-жігері мен озық шеберлігінің айқын көрінісі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мұндай беделді бәсекелер халқымыздың бірегей дәстүрлерін жаңғыртып, өскелең ұрпақты ұлттық спорт түрлерімен айналысуға ынталандыратынына назар аударды.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Маңғыстау облысының балуаны Жантiлек Нұртiлепұлы Qazaqstan Barysy-2026 турнирінің жеңімпазы атанды. Ол бұл жарысқа алғаш рет қатысқан.

Жартылай финалда Нұртiлепұлы Қостанай облысының өкілі Алмас Жұмағалиды жеңді. Ал финалда "Қазақстан барысы-2023" жеңімпазы, Жамбыл облысының балуаны Ғалымжан Қырықбайдан басым түсті.

Қола жүлдені Шымкенттен келген Нұрсұлтан Қожагелдіұлы иеленді. Ол үшінші орын үшін белдесуде Алмас Жұмағалиды жеңді.

Жеңісі үшін Нұртiлепұлына алтын белбеу мен 15 миллион теңге берілді. Күміс жүлдегер 3,5 миллион теңге, қола жүлдегер 1,5 миллион теңге алды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget