WhatsApp-та қазақстандықтар еліміздің әрбір азаматына 193 817 мөлшерінде ақша төленетіні туралы хабарлама таратып жатыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлаудан кейін мәлімдеген екен. Бұл - фейк, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Хабарламаны оқығанда көзге түсетін бірінші нәрсе - адамдарға қаражат төленетін валюта, яғни "лв". Бұл болгар ұлттық валютасының белгісі - лев. Қазақстанда бұл валюта пайдаланылмайды және ешқандай мемлекеттік төлем жүргізілмейді.
Сонымен қатар, төлемді алу үшін қандай да бір ресми емес ресурсқа, Fi-fa Qatar сайтына өту ұсынылады. ҚР азаматтары әлеуметтік көмек алуға өтінімдерді тек eGov.kz порталында бере алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке қайта сайланған соң жаппай ақшалай төлем жасалатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Оның сайлауалды науқанында бұл туралы ештеңе айтылған жоқ.
Хабарламада айтылған қазақстандықтарға төленетін төлемдер туралы БАҚ-та да, мемлекеттік органдардың ресми сайттарында да ақпарат жоқ. Демек, таралған хабарлама өтірік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!