- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Қатар консультативтік...
Тоқаев Қатар консультативтік кеңесі мүшелеріне "Әділетті Қазақстан" туралы айтты
Қазақстан Президенті Қатар мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйлеп, қазіргі жаһандық және өңірлік күн тәртібіне қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қатарға алғашқы мемлекеттік сапары кезінде қонақжайлық көрсеткені үшін әмір Тәмим бен Хамад Әл Тәниге алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев – Консультативтік Кеңестің алдында сөз сөйлеген алғашқы шетел президенті. Мемлекет басшысы Қатардың 2021 жылы заң шығарушы органға алғаш сайлау өткізгенін атап өтіп, бұл шешімнің маңызы зор екеніне назар аударды. Оның айтуынша, аталған бастама Қатардың өркендеуіне ықпал етіп, халықаралық беделін нығайтады.
"Бүгінде Қатар – озық және қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен, сондай-ақ белсенді әрі бейбіт сыртқы саясатымен танымал. Жоғары мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің басшылығымен сіздердің еліңіз үлкен жетістіктерге жетті. Қатар өзінің қуатты экономикасын және өркендеген қоғамын мақтан тұтуына болады. Біз бұл мемлекеттің "Қатар – 2030" ұлттық бағдарламасын жоғары бағалаймыз. Мен қатарлық достарымызға осы игі миссияны жүзеге асыру жолында сәттілік тілеймін. Осыған байланысты Консультативтік Кеңес ауқымды реформаларға аса маңызды заңнамалық қолдау көрсетеді және негізгі ішкі процестерді қадағалап отырады", – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігі, заң үстемдігі, теңдік және жауапкершілік қағидаттарына негізделген "Әділетті Қазақстанды" құру жөнінде айтты. 2022 жылы еліміздің саяси жүйесін кең көлемде жаңғырту үдерісі басталды.
"Қазақстан барынша инклюзивті саяси жүйе мен экономика құрып жатыр. Біз есеп беру және реформа жүргізу қағидаттарын ұстанамыз әрі өткенімізге шынайы көзқараспен қараймыз. Өз дамуымызды мақтан тұтамыз және болашаққа батыл қадам басамыз. Сондай-ақ адам құқықтарын сақтауға бейілдіміз. Гендерлік теңдікті сақтау, еңбекті қорғау сияқты бірқатар бастаманы жүзеге асырып жатырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстан – аймағымыздағы осындай ауқымды реформаларды қолға алған бірден-бір ел", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Қатар берік достық байланыстарға, ортақ құндылықтарға және өзара қолдауға негізделген сенімді серіктестік қатынастарды құптайды.
"Осы уақытқа дейін біз экономиканың түрлі бағытында, соның ішінде энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризм салаларында көптеген бірлескен жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта Қатардың Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі болуына мүмкіндік мол. Әмірмен кездесуде біз сауда көлемін ұлғайту жөнінде алдымызға жаңа мақсат қойдық. Мұнай мен газды барлау саласы да өте перспективті бағыт саналады. Біз маңызды геологиялық жаңалықтарға ықпал ететін озық әлемдік тәжірибелерді меңгеру үшін жұмыс істеп жатырмыз", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, халықаралық көлік және транзиттік бағдарлар тағы бір мүмкіндікке жол ашады Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуына және осы дәліз арқылы жүк тасымалы көлемінің едәуір артуына зор үміт артылады.
"Кейінгі уақытта елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың артып келе жатқанына көңіліміз толатынын атап өткім келеді. Екі елдің кәсіпкерлері мен азаматтары визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20-ға жуық рейстің игілігін көріп отыр. Дегенмен бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Сондықтан алдымызда атқаратын қыруар жұмыс тұр. Менің сапарым және Қатар басшылығымен бүгінгі пікір алмасулар өзара қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықаралық мәселелерге де ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстар мен қайшылықтардың, терроризмнің, төтенше климаттық жағдайдың жаһандық күн тәртібінен түспей тұрғанын әрі бұл дүниежүзінің қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіретінін мойындау қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық қауіп-қатер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарының бір мезгілде бұзылуынан туындайды.
"Жаңа қағидаттар мен нормаларға сай келісімге келу үшін қолайлы жағдай жасаудың жалғыз жолы – диалог. Сондықтан бүкіл жанжал БҰҰ Жарғысы және жалпыға ортақ халықаралық құқық негізінде шешілуге тиіс. Мен бұған сенімдімін. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізбей, бұл түйткілдің түйінін шеше алмаймыз. Ал Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шығатын жол таба алар емес. Демек, оның мүшелерінің құрамын анағұрлым кеңейту қажет. Бұл ретте Қазақстан Кеңесте орташа державалар мен дамушы елдердің де үні естілуі керек деп санайды. Осы орайда Қазақстан да, Қатар да дүниежүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісінде елеулі рөл атқара алады", – деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан