- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев қаржы министрі...
Тоқаев қаржы министрі Такиевті қабылдады
Фото:
Ақорда
Мемлекет басшысы қаржы министрі Мәди Такиевті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәди Такиев мемлекеттік қаржының негізгі параметрлері, оның ішінде биылғы І тоқсанда жұмсалған республикалық бюджет қаражаты туралы есеп берді:
- 3 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 4,5 триллион теңгеге жуық кіріс кірген;
өнімсіз бюджет шығынын оңтайландыру жұмыстары жөнінде мәлімет берді: - жүргізілген сараптама нәтижесінде биыл 300 миллиард теңгеден аса соманы қысқарту ұсынылған. Бұл қаражат экономикалық қайтарымы барынша жоғары шараларға жұмсалады;
- бюджетті басқару тиімділігін арттыру бағытында қабылданып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бұл шаралар жаңа бюджет кодексіне енгізілген;
Сонымен қатар, министр салықтық-кедендік әкімшілендіру ісіндегі жаңа бастамаларды таныстырды:
- жаңа салық кодексінің жобасында салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілген, тексерулер санын қысқарту жөніндегі нормалар қарастырылған, камералық бақылау және салық берешегін өндіріп алу тәсілдері өзгертілген;
- Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен кедендік шекарасындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Жобаның жүзеге асырылуы өткізу мүмкіндігін 6 есеге дейін ұлғайтып, өту уақытын 2 есе қысқартуға, сондай-ақ, тауарлар мен көлік құралдарын тексеру ісін тәулік бойы онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді.
- Барлық өткізу пунктін реконструкциялау жұмыстарын жыл соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр.
- Мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау жоспары жөнінде айтты. "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заң жобасында сатып алу рәсімдерін жеңілдету және бюрократиядан арылту, құрылыс нарығында монополияға жол бермеу, барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымның сатып алуларын бірыңғай платформаға көшіру көзделген.
Президент мемлекеттік қаржының жағдайын жақсарту, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, салықтық және кедендік әкімшілендіру салаларын цифрландыру арқылы жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова