Тоқаев: Карантин әр өңірдегі ахуалға қарай біртіндеп алынады

Тоқаев: Карантин әр өңірдегі ахуалға қарай біртіндеп алынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантин туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Бүгін бүкіл ел аумағындағы төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады" – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында", - делінген жазбада.

Президент мәлімдемесінің толық мәтіні akorda.kz сайтында жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова "Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы" қаулыға қол қойды.

Оған сай, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыс әкімдеріне, денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына шетелден Қазақстанға келген барлық адамды екі күнге дейін карантиндік ауруханада оқшаулануын қамтамасыз ету тапсырылды.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдері төмендегі талапты қамтасыз етуі тиіс:

- ойын-сауық, спорттық және басқа қоғамдық шараларға, отбасылық, еске алу іс-шараларына тыйым салынады;

- сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және көп адам жиналатын басқа да нысандардың қызметіне тыйым салынады;

- діни обьектілердің қызметіне тыйым салынады;

- әскерге шақырылған азаматтар әскери бөлімдерге келгеннен кейін ПТР әдісімен COVID-19 зертханалық зерттеуінен өтуі тиіс;

- қоғамдық орындар, өндірістік аумақтары, әуежайлар, тұрмыстық ойын алаңдарда санитарлық және дезинфекция жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Қаулының толық мәтінін мына жерден көруге болады.

 
Massaget