Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, жуырда Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды. Алайда кейінірек Саран әкімі Еркін Баулықов жылу беру маусымының басталуында жіберген олқылықтары үшін қызметінен босатылды.
Еске салайық, бұған дейін Саран қаласының тұрғындары үйлерінде жылу жоғын айтып, шағымданды. Кейін қала әкімі Еркін Баулықов тұрғындардан кешірім сұрап, жақын арада пәтерлерге жылу берілетініне уәде берді.
Кейін Үкімет отырысында Саран қаласында жылу беру маусымының басталуы туралы мәселе күн тәртібінен тыс қаралды.
"Бұл - Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы", - деп сынады Олжас Бектенов.
Сонымен қатар премьер-министрдің тікелей тапсырмасымен тексеріс жүріп жатқаны белгілі болды. Энергетика министрі Саран қаласына барып, бәрін тексеретіні айтылды.
"Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардың барлығы жауапкершілікке тартылады. Тексеру нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыс құрамы болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - деді Үкімет басшысы.
Артынша Сарандағы барлық үйге жылу берілгені хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!