Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Бөлекпаевқа бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму барысы баяндалды.

Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, барлық негізгі көрсеткіш бойынша тұрақты өсім байқалады. Биылғы сегіз айда облыста 3,2 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл былтырмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібінің өңірлік жалпы өнімдегі үлесі артып келеді. Металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің өндіріс көлемі ұлғайды.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 644,7 миллиард теңге болып, 11,1 пайызға өсті. Биыл жалпы құны 195 миллиард теңге болатын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2 700-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады. 2030 жылға дейінгі жоспарға сәйкес құны 4,5 триллион теңге болатын 120 ірі жобаның пулы жасақталды. Бұл бастамалар 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөнінде айтылды. Ауыл шаруашылығында ірі жобалар іске асырылып жатыр. Екі ірі тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталған соң, өңірдің сүтке деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі.

Мемлекет басшысына Qarmet АҚ қызметі туралы ақпарат берілді. Компания сегіз ай ішінде өндірісті жаңғыртуға 110 миллиард теңге инвестиция салған. Нәтижесінде шойын өндіру 6 пайызға, болат өндіру 6,9 пайызға, илемдеу 5 пайызға артқан. Металлургия комбинатында жаңа коксты батареялар, құю-илемдеу кешені, сұрыптап илемдеу цехы секілді ауқымды жобалар қолға алынған. Сондай-ақ, кәсіпорын біртіндеп табиғи газға көшіп жатыр, алғашқы кезең толық аяқталды. Шахталардағы жағдай да оң нәтиже көрсете бастады: көмір өндіру көлемі 15 пайызға артқан. Еңбек қауіпсіздігін күшейтуге арналған іс-шаралар қолға алынған.

Кездесу соңында Президент өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қалалар мен елді мекендерді жылумен тұрақты қамту мәселелерін ерекше назарға алу, сондай-ақ, Qarmet АҚ кәсіпорнындағы өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін жүктеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!