- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Қарағанды облысына...
Тоқаев Қарағанды облысына сапарында қандай маңызды тапсырмалар берді?
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы жұртшылығымен кездесті. Жиын барысында Президент өңірге қатысты бірнеше тапсырма берді.
Өңірдегі тасжол мәселесі
Ең алдымен, Тоқаев Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқанын атап өтті. Сондықтан аймақтағы тасжолды салу жұмысын келесі жылы салып бітіруді тапсырды.
"Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Қазір Орталық - Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке "Қарағанды - Балқаш" және "Балқаш - Бурылбайтал" тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын", - деді Президент.
Сонымен қатар, Тоқаев өңірдегі жол сапасына мән беруді тапсырды.
"Қарағанды - Жезқазған" күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сондай-ақ, "Қарағанды - Қарқаралы" тасжолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Шағын қалалардағы мәселелер
"Елімізде "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері" атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек", - деді Президент.
Баспана мәселесі
"Аймақта жеңілдетілген ипотека бағдарламасы бар. Жастар бастапқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызын салып, 19 жылға ипотекалық несие алуына болады. Жылына 5 пайыздық өсіммен 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл ипотеканы мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері, журналистер және жоғары оқу орындарының оқытушылары ала алады. Биыл 75 несие берілген.
Енді бағдарламаның бюджетін көбейтіп, жеңілдетілген несиенің санын арттыра түсу қажет. Бұл - жергілікті жас отбасыларды, жас мамандарды қолдауға арналған тиімді әдіс. Олар басқа аймақтарға көшпей, туған жерінде еңбек етуге жақсы мүмкіндік алады. Мұндай тәсілді өзге облыстар да қолдануы керек", - деді Президент.
Өндірістік кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі
Президент экология проблемасынан бөлек, облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейтінін атап өтті.
"Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл - маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту бойынша тапсырма
Президент бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың тұрмысына тікелей әсер ететінін атап өтті.
"Мен ұрпақтың сапалы білім алуына баса мән беріп отырмын. Менің бастамаммен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынды. Оны бүкіл еліміз бойынша жүзеге асырып жатырмыз. Алдағы 3 жылда осы өңірдің өзінде 28 мыңнан астам балаға арналған жаңа мектептер салынатын болады. Келесі жылы құрылыс басталады. Сондықтан, жер телімін бөлу және оны коммуналдық желілерге қосу мәселесі қазірден бастап шешімін табуға тиіс", - деді Тоқаев.
"Медициналық білім беру жүйесін дамыту - басты міндеттің бірі"
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық білім беру мәселесін қозғады.
"Қарағанды медицина университеті бүкіл еліміз үшін білікті мамандар даярлайды. Бұл оқу орнын дәрігерлер ұстаханасы деуге болады. Құзырлы министрлік университеттер жанынан 5 аурухана салу туралы жоба ұсынды. Соның бірі Қарағандыда салынады.
Университет клиникасының құрылысы келесі жылы басталуы керек. Оны заманауи құралдармен жабдықтау қажет. Клиника осы өңірде медицина ғылымын дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге тың серпін береді ден сенемін", - деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина