Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының сөзінше, бұл жұмыс сәтті шешілген.
"Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу - Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады. Кейбір өңірлердегі халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарда апаттардың жиілеп кетуі бүкіл еліміздегі инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымдарды жаңғырту аса қажет екенін айқын көрсетті. Бұл мәселе ондаған жыл бойы назардан тыс қалып, шешімін таппай келеді. Мемлекет қысқа мерзімде ревизия жүргізіп, қолданыстағы генерациялаушы қуат көздерін жөндеуде, жаңа нысандарды іске қосуда, жылу және басқа да инженерлік желілерді жаңартуда жүйелі жұмыстарға кірісті. Атап айтқанда, биыл еліміздің батысында электр желілерінің өткізу мүмкіндігін екі еседен астам арттыруға ықпал еткен ауқымды жоба жүзеге асырылды", - деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев QARMET-тің жаңа инвесторы Андрей Лаврентьевті еңбек ұжымына таныстырғаны хабарланды.
Ал оған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрлігін Қанат Шарлапаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев жаңа инвестор екенін айтты.
Андрей Лаврентьев 1979 жылы Алматы қаласында туған. Ол - Allur Group компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы. Оның құрамында "Агромашхолдинг" және "СарыарқаАвтоПром" компаниялары кіреді. Allur Group - Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстандағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!