- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Қаңтар оқиғасы...
Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде "Ресей құтқарып қалды" деген мәлімдемеге пікір білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгінгенімізге баса мән беру керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты.
– Қазақстанға Ресейдің әскери қызметшілерін шақыру қаншалықты дұрыс шешім болды? Біздің мемлекетті сол кезде Ресей құтқарып қалды деген пікір көрші елде жиі айтылады.
– Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік.
Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқарып, қасіретті күндерде елді жайлаған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.
ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы "Ақсай" нан зауытын және "Алматы су" мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмылдыруға мүмкіндік туды.
Еске салайық, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) төрағалық Қазақстан Республикасына өтті. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін айтқан болатын. Осыған орай Мемлекет басшысы Қазақстан төрағалығы кезінде ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова