Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты.
– Қасіретті Қаңтар оқиғасынан бері тура екі жыл өтті. Қаңтар Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге жол ашқан бетбұрыстың белесі болды. Сіз бұған дейінгі сөздеріңізде, сұхбаттарыңызда сол қайғылы оқиғаға нақты баға бердіңіз. Дегенмен, әлі де бірқатар сұрақ бар. Қаңтар оқиғасына әртүрлі түсініктеме беретіндер де кездеседі. Алмағайып күндерден бері біршама уақыт өтті. Қазір Сіз сол оқиғаны қалай сипаттар едіңіз? Оның басты себебі неде және оған не түрткі болды деп ойлайсыз?
- Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.
Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.
Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің "ерекше мәртебесіне" төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.
Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.
Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден аймаққа барды. Бірақ наразылық шерулері экстремистік сипат алды. Оны қаскөйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды.
Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге болады.
Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шиеленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диалогке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады.
Көптеген аймақта алғашқы қақтығыстар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін "іздегенге сұраған" болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын.
Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы бар қылмыстық топтар өршелене іске кіріскенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мемлекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды. Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құралдары бар. Оған қоса, көлік инфрақұрылымы және телекоммуникация нысандары шабуылға ұшырады. Қарақшылар мен лаңкестер өзара ұйымдасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді.
Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді.
Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді.
– Демек бұл жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкеріс қой. Ендеше Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?
– Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеруге автомат, тапанша және суық қару ұстап барады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді.
Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер - ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл - өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін.
Еске салайық, 2022 жылы 1 қаңтарда сағат 17.20-да Жаңаөзенде қала әкімдігінің маңына жиналған халық сұйытылған газ бағасын төмендету қажет деген талап қойды.
2 қаңтарда наразылық білдірушілер саны жүздеген адамға дейін артты, ал акцияға қатысушылар ішкі жолдарды жауып тастады.
3 қаңтарда наразылық акциялары басқа қалалар мен аймақтарда басталды. Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында басқа жеті өңірде (Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана мен Алматы) митингілер жалғасты. Бұл оқиғалардың бәрі Қаралы Қаңтар оқиғасына ұласты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!