Тоқаев Камбоджа премьер-министрімен кездесті

Тоқаев Камбоджа премьер-министрімен кездесті
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа премьер-министрімен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа премьер-министрі Хун Манетпен кездесті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Камбоджамен берік достыққа және өзара құрметке негізделген серіктестікті жоғары бағалайтынын жеткізді. Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін әлеует мол екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, тауар айналымын арттыратын перспективті бағыттар қатарына ауыл шаруашылығы, тоқыма өндірісі, туризм, құрылыс, тағам өнеркәсібі, көлік-логистика салалары кіреді.

Еліміз бидай, тыңайтқыш және басқа да аграрлық өнімдер тасымалын ұлғайтуға әзір. Бұдан бөлек, БҰҰ электрон үкіметті дамыту индексіндегі үздік 24 елдің сапына енетін Қазақстан озық технология саласындағы тәжірибесін бөлісе алады.

Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

Премьер-министр Хун Манет Камбоджа Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін растады. Ол екі елдің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызына тоқталып, бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Әңгімелесу барысында Президент пен премьер-министр жаһандық және аймақтық құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК қызметіне қолдау көрсеткені үшін Камбоджа тарапына ризашылық білдірді. Сондай-ақ, премьер-министрге Астананың БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастама көтергенін айтты.

Кездесу соңында Хун Манет Қазақстан Президентін өзіне қолайлы уақытта Камбоджаға сапармен келуге шақырды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget