Тоқаев жұрт Астана мен Алматыға көптеп қоныс аударып жатқанына назар аударды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қазір еліміздің әлеуметтік саласында ауқымды жұмыс істеліп жатыр.

"Кейінгі үш жылда 746 мың оқушыға арналған 600-ге жуық мектеп салынды. Оның үштен бірі – "Келешек мектептері". Сондай-ақ, 813 денсаулық сақтау нысаны және 307 спорт нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау қалаларында заманауи оңалту орталықтары жұмыс істей бастады. Қазір осындай орталықтар Ақтөбе, Көкшетау, Талдықорған, Шымкент шаһарларында салынып жатыр.   Әлеуметтік нысандар, соның ішінде балаларға арналған оңалту орталықтары барлық аймақта қолжетімді болуға тиіс", - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, осындай нысандар еліміздің аймақтарында әлі жеткілікті емес.

"Соның салдарынан жұрт Астана мен Алматыға көптеп қоныс аударып жатыр. Бұл – иммиграцияның теріс сипаттағы үдерісі. Барлық әкім осы шаруамен тиянақты айналысуы керек. Президент әкімшілігі бұл жұмысты қадағалайды", - деді Тоқаев.  

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!