Тоқаев журналистердің сұрақтарына жауап берді

Тоқаев журналистердің сұрақтарына жауап берді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін журналистерге арналған брифинг өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Время" газетінің тілшісі Тоғжан Ғани әлемдік тәжірибеде конституциялық реформа ұзақ уақытқа созылатынын, бізде Конституцияны дайындауға және талқылауға аз ғана уақыт жұмсалғанын айтты. Тілші халықаралық байқаушылар сынын алға тартып, Президенттің бұл туралы ойып сұрады. 

"Бұған дейін айтқанымдай, Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім. Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету керек. Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – осы", - деді Тоқаев. 

Зұлқарнай Ермұрат, Jibek joly телеарнасының тілшісі:

– Кейбір сарапшылар "Конституциялық реформа – билік транзитіне, Президент сайлауына дайындық" деген пікір айтып жүр. Жалпы, Вице-Президент лауазымы не үшін қажет? Осыған қатысты пікіріңізді білсек деп едік.

"Вице-Президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте Вице-Президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар «Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді» деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ. Вице-Президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді", - деп жауап берді Мемлекет басшысы. 

Айсұлтан Құлшыманов, Tengrinewskz ақпарат агенттігінің тілшісі:

– Қазақстан халықаралық қақтығыстарды әрдайым дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды. Сіз бұл ұстанымды жақында Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдемелеріңіз арқылы растадыңыз. Сондай-ақ Шығанақтағы бірқатар мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, оларға қолдау білдірдіңіз. Бірақ Иран Президентімен сөйлеспедіңіз. Бұл Қазақстанның бейтарап ұстанымынан айнып, араб елдерін қолдайтынын білдіре ме?

"Қазақстан әлемге бейбіт ел ретінде белгілі. Кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтаймыз. Бұл –айнымас ұстанымымыз. Таяу Шығыста орын алған жағдайдың түрлі себебі бар. Мен мұны жақында өткен алқалы жиында да айтқанмын. Расында, Шығанақтағы араб елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлестім, тілектес екенімді жеткіздім. Ал Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Ол – зайырлы көзқарастағы адам, өзі кардиохирург. Мен оның Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым. Тіпті, ол Иранның атынан кешірім сұрады. Алайда кейін оның мәлімдемесі жоққа шығарылды. Иран араб елдеріне шабуыл жасауды әлі тоқтатқан жоқ. Бұдан Иран Президентінің билікке толық ие емес екені көрінеді. Ол анық. Мен ешкімді айыптамаймын, жай ғана факті ретінде айтып отырмын. Бұл Иран билігінің ерекшелігіне байланысты деп ойлаймын. Бір жағынан діни билік үстемдік етеді. Өйткені Иранда діни билік негізгі бағыт-бағдарды айқындап, шешім қабылдайды. Президент те бар, бірақ ол – формальды мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget