Тоқаев жұмыс тобымен конституциялық реформаға қатысты негізгі тәсілдерді талқылады

Тоқаев жұмыс тобымен конституциялық реформаға қатысты негізгі тәсілдерді талқылады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы жұмыс тобымен бірге конституциялық реформаға қатысты негізгі тәсілдерді талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екеніне назар аударды.

Мемлекеттік кеңесші жұмыс тобы мүшелерінің ортақ пікірін жеткізіп, бұл өзгерістер саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға ықпал ететінін айтты.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан түскен ұсыныстар негізінде конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы мүшелері әзірлеген басты тәсілдер туралы баяндады.

Былтыр қазаннан бері өтіп келе жатқан отырыстарда жаңа Парламентке қатысты мәселелердің бәрі қаралды. Оның ішінде депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, сондай-ақ, оның биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget