Мемлекет басшысы Парламент Сенатының отырысына қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы адам құқығын қорғау саласына әрдайым айрықша мән беретініне тоқталып, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар екенін айтты.
"Өлім жазасына біржола тыйым салдық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза қатайды. Сот реформасы жүзеге асырылып жатыр. Заң үстемдігі және қазылардың дербес әрі әділ болуы - басты назарда. Тағы да қайталап айтамын: әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету - мемлекеттің міндеті. Қоғам бізден осыны күтіп отыр. Сондықтан биыл адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасты. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдік және иммунитет берілді. Бас прокурордың құқық қорғау құзыреті күшейтілді. Конституциялық Соттың құрылуы аса маңызды қадам болды. Бұл орган жаңа жылдан бастап жұмысқа кіріседі. Ол Ата Заң нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді. Конституциялық Сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісіне зор үлес қосады деп сенемін", - деді Мемлекет басшысы.
Президент Конституциялық Соттың кадрлық құрамын жасақтау кезінде сабақтастық сақталуға тиіс екенін айта келіп, жаңа органның төрағасына айрықша міндет жүктелетініне назар аударды. Осы ретте Мемлекет басшысы осы жауапты қызметке Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы ұсынды.
"Эльвира Әбілхасымқызы - тәжірибелі, білікті маман. Заң шығару жұмысын, халықаралық құқық саласын өте жақсы біледі. Ол 20 жылдан астам уақыт Әділет министрлігінде еңбек етті. Қатардағы қызметкерден министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 2019 жылдан бері Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді. Сіздерден Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымынан босатып, Конституциялық соттың төрағасы лауазымына тағайындауға келісім беруді сұраймын", - деді Мемлекет басшысы.
Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы Эльвира Әбілхасымқызы Азимованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!