Тоқаев Жоғарғы сот төрағасына бірқатар тапсырма берді

Тоқаев Жоғарғы сот төрағасына бірқатар тапсырма берді
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Ақорда ақпаратынша, Президентке сот жүйесінде биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыс нәтижелері, сот ісін жүргізу үдерісін цифрландыру барысы, сондай-ақ азаматтардың сот жүйесіне сенімін арттыру шаралары туралы баяндалды.

Асламбек Мерғалиев сот органдары 24,8 мың қылмыстық істі қарағанын айтты. Ол азаматтық істердің саны 28,4 пайызға ұлғайып, 605 мыңнан асқанын атап өтті. Бұған банкроттыққа, тұрғын үй және жер дауларына қатысты талап-арыздар мен келісімшарттық міндеттемелер бойынша істер санының артуы себеп болып отыр.

Сондай-ақ 29,2 мың әкімшілік іс және 319 мың әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралған. Жоғарғы сот төрағасы даулардың жартысына жуығы медиациямен және басқа да балама жолдармен реттелгенін жеткізді.

Мерғалиевтің айтуынша, кассациялық сотқа 18 мыңнан аса шағым келіп түскен. Оларды қарастыру нәтижесінде апелляциялық сатыда түзетілген сот актілерінің саны екі есе, яғни 934-тен 1704-ке дейін өскен.

Сонымен қатар Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, сот жүйесіне абсолютті сенім деңгейі 2023 жылдан бері 55,2 пайыздан 69,7 пайызға дейін өскен. Мемлекет басшысына сот жүйесін кадрмен қамтамасыз ету туралы мәлімет берді.

Президент Мерғалиевке сот төрелігі сапасын жақсарту және сот жүйесін жаңғырту шараларын іске асыру қажеттігіне назар аударуды тапсырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget