Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Жетісу облысы жұртшылығымен кездесуінде бірнеше мәселе көтерді.
- Қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл шешім аймаққа инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді.
- Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет биыл 5 миллион гектарға жуық бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Осылай ауылдардың маңындағы жер тапшылығы мәселесі шешіледі.
- Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
- Өңірдің ауыл шаруашылығы секторының даму қарқынын жеделдету үшін ірі инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажет.
- Отандық ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру үшін өңірде фитоветеринарлық зертхана құру мәселесін қарастыру қажет.
- Өңірдегі "Kazsilicon" және "Электромарганец" компаниялары металлургия саласындағы озық технологияларды дамыту және тарату алаңына айналуы тиіс.
- Бұл өңірдің транзиттік әлеуеті өте зор. Сондықтан, мұнда халықаралық көлік-логистика компанияларын тарту аса маңызды.
- Жүргізушілердің әділ наразылығын тудыратын жүк көліктерінің жиналуы бар. Ал бұл жағдайды түзету үшін "Алакөл" және "Нұр жолы" шекаралық өткізу пункттерінде электрондық кезекті енгізуді жеделдету қажет.
- Аймақтағы кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын күшейту қажет.
- Жетісу облысының да ІТ секторындағы әлеуеті зор. Бұл аймаққа да білікті мамандарды тартуға болады. Ол үшін, әрине, ең алдымен, қажетті инфрақұрылымды дамытқан жөн
- Өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту - әкімдіктің басты міндетінің бірі.
- Ауызсу сапасы мәселесін ұзаққа созбай шешу керек.
- 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз ету тапсырылды.
- Жолдарды күтіп ұстау және жөндеу мәселесі құзырлы мемлекеттік органдардың айрықша бақылауында болуға тиіс. "Талдықорған - Қалбатау - Өскемен" және "Үшарал - Достық" тас жолдары салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін жолдың асфальтты қабатын салып бітіру қажет.
- "Жайлы мектеп" ұлттық жобасымен алдағы үш жылда тағы 7 білім ошағын салу жоспарланып отыр.
- Онкологиялық аурулардың профилактикасы мен диагностикасын күшейту, науқастардың уақтылы емделуіне және қажетті дәрілік препараттарға қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды"
- Үкіметке өңірде заманауи шаңғы-биатлон кешенінің құрылысын қамтамасыз ету тапсырылды.
- "Су қауіпсіздігіне, өнеркәсіптік ластануға, рұқсат етілмеген табиғи полигондарға байланысты аймақтың экологиялық проблемалары алаңдаушылық туғызады. Уәкілетті органдарға осы проблемаларды шешумен айналысуды тапсырамын. Осыған байланысты экологиялық нормативтерді сақтай отырып, Текелі тау-кен өңдеу зауытын тезірек іске қосу қажеттігі бар".
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!