Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы баяндалды.
Бейбіт Исабаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі мақсатты индикаторға қол жеткізілгенін айтты. Өңірге 610 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл былтырмен салыстырғанда 12,8 пайызға артық.
Президентке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспары таныстырылды. Ауыл шаруашылығы дақылдары, соның ішінде қант қызылшасы алқабы кеңейді. Ақсу және Көксу қант зауыттарының өндірістік қуатын 2 есеге арттырып, 950 мың тоннаға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2027 жылға дейін құны 94,4 миллиард теңге болатын 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның ішінде құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, балық және жылыжай шаруашылықтары мен басқа да жобалар бар.
Өнеркәсіп саласында кейінгі үш жылда 29 жаңа нысан іске қосылып, 7 кәсіпорын кеңейтілді, соның нәтижесінде 1841 жұмыс орны ашылды.
Мемлекет басшысына инфрақұрылымды дамыту жайында мәлімет берілді. Өңірді газдандыру деңгейі 67,2 пайызға жетті. Талдықорған – Үшарал газ құбыры тартылып, 650 мыңнан аса тұрғыны бар 210 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізді.
Облыстың туризм саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр. Алакөл, Балқаш жағалауларында туристік нысандарға баратын жолдар салынып, ауызсу, электр желісі, кәріз жүйелері тартылды. Жағалауларды бекіту шаралары қолға алынды. Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 шақырым жол жаңартылып жатыр.
"Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы аясында өңірде үш экопарк салып, 121 мың ағаш егу көзделген.
Мемлекет басшысы облыс әкіміне Қытай Халық Республикасымен шекаралас "Достық" бекетіндегі және "Қорғас" арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ, Алакөл, Балқаш көлдері жағалауындағы демалыс орындарын, тау туризмін қарқынды түрде дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!