Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына өңірдің 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды.
Кездесу барысында облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту шараларына баса назар аударылды. Соның ішінде игерілмей жатқан жерлерді қайтарып, ауыл шаруашылығы айналымына қосу, ирригация жүйелерін қалпына келтіру және инновациялық агротехнологияларды қолдану арқылы егін өнімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, қант өндірісі саласының дамуы ұдайы бақылауда. Ақсу қант зауытын іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл кәсіпорын 40 мың тоннаға дейін қант құрағын өндіруді жоспарлап отыр. Өңірде биыл 132 мың тоннаға дейін қант өндіріледі. Бұл облыстың қантқа деген қажетін толық өтеп қоймай, өнімді басқа өңірлерге де жеткізуге мүмкіндік береді. 2026 жылға қарай қант қызылшасы алқабын екі есе ұлғайту көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына тұрғын үй құрылысы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, жол инфрақұрылымының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жай-күйі, оның ішінде өңірдің газбен қамтамасыз етілуі жөнінде мәлімет берілді. Бүгінде Жетісу облысындағы 22 елді мекенге газ құбыры тартылып, 288 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 20 елді мекен газға қосылады.
Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін облыста 23 мектеп салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 10 мектеп "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілмек. "Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша 59 медицина нысанын салу, сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 57 блок-модуль бөлімшелерді пайдалануға беру көзделген.
Президентке "Қорғас - Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағының даму барысы жөнінде баяндалды. Оның аумағында индустриялық парктің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбіт Исабаевқа инвестиция тарту үшін туризм, көлік және логистика салаларының әлеуетін барынша тиімді пайдалануды тапсырды.
Мемлекет басшысы өңірде агроөнеркәсіп кешені мен қант өндіру саласын дамыту, сондай-ақ, игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару ісін жалғастыру маңызды екенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!