Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылуында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы әлем жаңа технологиялық дәуірге қадам басқанына назар аударды.
"Жасанды интеллект, үлкен дерекқор, биоинженерия және басқа да революциялық жаңашылдықтар адамның тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгертті. Бірақ этикалық нормалар технологиялық прогрестің қарқынына ілесе алмай жатыр. Таңдау құқығы мен жеке өмірдің құпиялығын қорғау, цифрлық теңдікті және жасанды интеллектіні пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді көптеген дилемма салдарынан жаңа сын-қатерлер туындады. Дін көшбасшылары адамгершілік құндылықтар мен асқақ мұраттардың сақшысы ретінде адамзаттың цифрлық келешегі туралы пікірталасқа атсалысуы керек деп ойлаймын. Кез келген технология адам игілігіне қызмет етуге тиіс. Ол үшін дін көшбасшыларының, ғалымдар мен технократ-инженерлердің тұрақты диалогын ұйымдастыру қажет. Жасанды интеллект еліміздің қарқынды дамуына жол ашады. Әйтсе де этикалық нормаларды сақтаудың маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан бұл бағытта кеңінен ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын. Ол нейрожелілер мен басқа да серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеумен айналысады. Бұл жерде "алгоритмдерге арналған қағидалар" жинағын әзірлеу туралы сөз болып отыр. Онда адамның қадір-қасиетін құрметтеу, дискриминацияға жол бермеу, аса маңызды шешімдерді бақылауда ұстау мәселелері ескерілуге тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Президент барлық негізгі діни дәстүр мейірімділік, әділдік, жақыныңа жанашырлық секілді жалпы гуманистік құндылықтарды дәріптейтініне назар аударып, Қазақстанның осы ұстанымға бейіл екенін атап өтті. Сондықтан еліміз зорлық-зомбылықты, экстремизмді және өшпенділікті ақтап алу үшін дінді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы деп мәлімдеді.
"Бүгінде көптеген ойшыл постсекулярлық дәуір басталғанын жиі айтады. Яғни мұндай кезеңде дін қайтадан қоғамдық және саяси өмірдің маңызды факторына айналады. Біздің съезд замана көшінен қалмауға тырысады. Сондықтан дін өкілдерінің диалогын ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығымен күшейтеміз. Рухани даналық пен сарапшылар білімінің синтезі жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті проблемалардың тиімді шешімін табуға жол ашуы мүмкін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова