Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, заңға Парламент депутаттары мұрындық болған, ол қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған. Құжат Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленді.
Қазақстанда 15 мыңнан аса сотталған адам рақымшылыққа ілігеді. Оның ішінде 4,5 мыңға жуық адам қылмыстық жауапкерішілік пен жазадан босатылса, тағы 10,8 мың адамның негізгі жаза мерзімі қысқарады.
Қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан босатылады.
Мына санаттарға рақымшылық жасалмайды:
- террористік қылмыс жасағаны үшін сотталғандар;
- экстремистік қылмыс жасағаны үшін сотталғандар;
- сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін сотталғандар;
- ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері;
- азаптау үшін сотталғандар;
- кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандар;
- қылмысын қайталағандар;
- өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар;
- сырттай сотталғандар.
Сонымен қатар, Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі және құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Бұдан бөлек, "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова