Тоқаев Италия президентін І дәрежелі “Достық“ орденімен марапаттады

Тоқаев Италия президентін І дәрежелі “Достық“ орденімен марапаттады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Италия президенті Серджо Маттарелланы І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан және Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін президент Серджо Маттареллаға І дәрежелі "Достық" орденін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ, бұл қазақ елінің шынайы құрметі, барша Италия халқына деген достық пейілі мен ыстық ықыласының айғағы екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Италия президентіне халықтың қолдауына ие болған көшбасшы, әлемге танымал беделді саясаткер деп баға берді.

"Сіз еліңіздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңіріп келесіз. Бүгінде Италия барлық салада толайым табысқа жетті. Әлемдік көшбасшылар қатарына кіретін мемлекеттің бірі. Еліңізде экономика, инновациялық технология саласында тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Экология, "жасыл" энергетика бағытында озық бастамаларыңыз бар. Италияның терең тарихы, бірегей мәдени мұрасы - бүкіл адамзаттың құнды қазынасы. Сіздер аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарып жатсыздар. Халықаралық мәселелерді шешуге белсене атсалысып келесіздер. Бұл - сіздің салиқалы саясатыңыздың жемісі. Өзіңіздің басшылығыңызбен Италия алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенемін", – деді Президент.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget