Тоқаев Ислам даму банкінің президентімен не туралы сөйлесті?

Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдады. Кездесуде бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді іске асыру және ынтымақтастық перспективасына қатысты мәселелер талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоршаған ортаны қорғау саласына, соның ішінде климаттық өзгеріс салдарын жеңілдету және "жасыл" энергетикаға көшу шаралары бойынша бірлескен жобаларға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық экологиялық сын-қатерлер мен Қазақстанның орнықты дамуға ұмтылысы жағдайында бұл бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті биыл қыркүйек айында Астанада өткен Араб үйлестіру тобының дөңгелек үстел форматындағы басқосуының қорытындысына жоғары баға берді. Бұл іс-шара тараптардың стратегиялық жобаларды жүзеге асырудағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге өзара бейілді екенін көрсетті.

Мемлекет басшысы "Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту" жобасы бойынша қаржылық және техникалық келісімнің бірінші фазасына қол қойылғанын айтты. Аталған жобаны іске асыру Қазақстанның 7 облысында 8 су қоймасы мен жалпы ұзындығы 3450 шақырым болатын 115 каналды, 1 қарсы реттегішті салуға және жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің аграрлық саласында 332 мың гектардан астам алқапты сумен үздіксіз қамтамасыз етеді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Ислам даму банкінің басшылығына ризашылығын білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Келісім сомасы 1,153 миллиард долларды құрайды, сондай-ақ 3,5 миллион доллар көлемінде грант беріледі. Бұл - банктің 51 жылдық тарихындағы ең көлемді қаржыландыру жобасы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!