Тоқаев Иордания королімен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен келіссөз жүргізді , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент, ең алдымен, король II Абдалланың билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтап, оның Иордания халқының өсіп-өркендеуіне және елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету мен халықаралық аренадағы абырой-беделін арттыруға бағытталған жасампаз бастамаларының сәтті жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келе жатқаны үшін Иордания көшбасшысына алғыс айтты.

Президенттің пікірінше, Иордания – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет.

"Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін қабылданатын бірлескен мәлімдеме мен келісімдер Қазақстан-Иордания ынтымақтастығын екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша арттыруға қос тарап та мүдделі екенін білдіреді.

Айта кетейік, 18 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барды. Әлия патшайым атындағы халықаралық әуежайда Мемлекет басшысын ханзада Әли бен әл-Хусейн мен Иордания премьер-министрі Жафар Хасан қарсы алды.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Қазақстанның Таяу Шығыстағы және араб әлеміндегі сенімді серіктесі екенін мәлімдеді.

Иордания - ежелгі ескерткіштерімен және табиғи қорықтарымен танымал, Иордан өзенінің шығыс жағалауындағы араб мемлекеті. Сауд Арабиясымен, Иракпен, Сириямен, Израильмен және Палестинамен шектеседі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!