Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Хорватияның сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич-Радманды қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы министрдің сапары Хорватияның екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін беруге ұмтылысын айқын көрсететінін атап өтті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Хорватия арасындағы ынтымақтастық өзара сенім мен сындарлы диалог рухында одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
"Президент энергетика, инфрақұрылым, фармацевтика және азық-түлік өнеркәсібі сияқты салаларда хорват компанияларының қазақстандық нарыққа қызығушылығының артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Бүгінде Қазақстанда Pliva және Podravka сынды танымал брендтерді қоса алғанда, хорватияның қатысуы бар 30-дан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр", – делінген Ақорданың хабарламасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өтіп жатқан қазақ-хорват бизнес-форумына Хорватияның өкілдік делегациясының қатысуын құптап, қол жеткізілген келісімдер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Пәкістан Қарулы күштерінің құрлықтағы әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал Асим Мунирді де қабылдаған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет