Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарымен кездесті

Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарымен кездесті
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті.  

Салтанатты іс-шараға 21 лауреат, сондай-ақ, олардың ұстаздары мен тәлімгерлері шақырылды. Физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндерінен беделді білім сайысында топ жарған жеңімпаздардың алтауы – алтын медаль, он бірі – күміс, төртеуі – қола медаль иегерлері.  

Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңісімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді.  

"Әрқайсыңыз әлемнің ең зияткер оқушыларымен бәсекеге түсіп, беделді білім додаларында топ жардыңыздар. Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Қазақстанның жарқын болашағы ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар!" – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев табанды еңбек, үздіксіз ізденумен жеңіп алған әр медальдің бағасы қымбат, маңызы зор екенін атап өтті.

"Сағаттап оқу, айлар бойы дайындық жүргізу, жылдар бойы биік мақсатқа ұмтылу үшін ең алдымен қажырлы қайрат пен мықты күш-жігер керек. Ұлы Абай да "Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" деп өсиет айтты. Сіздер әрқайсыңыз көп ұзамай білікті инженер, көрнекті ғалым, мықты маман боласыздар. Жаңа технологияларды ойлап тауып, еліміздің өркендеуіне, әлемнің дамуына ықпал ететін жаңалық ашасыздар. Мен бұған кәміл сенемін", – деді Президент.

Президент мемлекет тарапынан дарынды жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін, жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде халықаралық пән олимпиадаларында алтын, күміс және қола медаль иеленген оқушылар мен студенттерге сәйкесінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақысы бар сертификаттарды табыстады.

Шәкірттері беделді халықаралық жарыста топ жарған ұстаздар мен тәлімгерлер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Кенжехановаға, Алматы қаласындағы №134 лицей мұғалімі Ирина Нестеренкоға "Құрмет" ордені, Edlight Academy әдіскері Жанболат Жолгелдиевке, Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаеваға, Haileybury Almaty мектебінің мұғалімі Владимир Жукке, Өскемен қаласы Білім-инновация лицейінің мұғалімі Айгүл Сейітдәулетке "Ерен еңбегі үшін" медалі, Қызылорда қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Батыр Жарқынға, Талдықорған қаласындағы №24 лицей мұғалімі Меруерт Абаеваға, Павлодар қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Олжас Әмзеевке, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Бақыт Мамышевке "Шапағат" медалі берілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget