Тоқаев Халық кеңесіне қатысты жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы "Қазақстан Халық кеңесінің кейбір мәселелері туралы" жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Халық кеңесін құру туралы алғаш рет Қазақстанның жаңа Конституциясын дайындау кезінде белгілі болған еді. 

Бұған дейін әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа орган қалай жұмыс істейтінін және оның құрамына кімдер кіре алатынын айтты. Азаматтар Халық кеңесі арқылы өз ұсынысы мен мәселесін билікке жеткізе алады.

Әділет министрінің айтуынша, Халық кеңесінің тұрақты құрылымы болады. Негізгі шешімдер қабылданатын және маңызды мәселелер талқыланатын басты орган - сессия. Ал сессиялар аралығында тұрақты алқалы орган жұмыс істейді.

Сондай-ақ, тұрақты және уақытша комитеттер құру жоспарланған. Ұйымдастырушылық және талдау жұмыстарымен жеке мемлекеттік орган ретінде құрылатын арнайы хатшылық айналысады.

Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, кеңес құрамына қоғамның түрлі тобының өкілдерін қосу жоспарланған:

  • этномәдени бірлестіктер;
  • қоғамдық ұйымдар;
  • коммерциялық емес сектор;
  • мәслихаттар;
  • қоғамдық кеңестер.

Халық кеңесі мүшелерін 4 жылға сайлау ұсынылып отыр. Төраға да осы мерзімге Президенттің ұсынысы бойынша немесе кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасымен сессияда сайланады. Бір адам төраға лауазымын тұрақты түрде атқара алмайды.

Жаңа орган мынадай мүмкіндіктерге ие болады: ішкі саясат бойынша ұсыныстар енгізу; заңдарды әзірлеуге қатысу; референдум өткізу туралы бастама көтеру; қоғамдық талқылаулар мен диалог алаңдарын ұйымдастыру; қоғамдық бақылауға қатысу.

Сонымен қатар, министр бұл орган консультативтік функция атқаратынын және қолданыстағы мемлекеттік органдардың орнын баспайтынын айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!