Тоқаев “Халық қаһарманы“ Кенжебай Мәденовтің ұлына айрықша ерекшелік белгісін табыстады

Президент мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының пікірінше, ерлік ешқашан ескірмейді.

"Баһадүр бабаларымыз рухы асқақ, намысы биік екенін ерен ерлігімен дәлелдеп келді. Даңқты ерлеріміз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алайда көптеген майдангердің ерлігі еленбей қалғаны да жасырын емес. Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда отандасымыз Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті.

"Ұлы Отан соғысының соңында ол взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді. Бұл нацистік режимнің күйреуін көрсеткен, майдангерлердің рухын көтерген, шабуылды одан әрі үдете түсуге дем берген сәт еді. Оның қаһармандық жолы туралы маршал Георгий Жуков және басқа да мықты қолбасшылар, сондай-ақ, жеңіспен аяқталған қанды шайқас жөнінде қалам тербеген журналистер де жазды. Өкінішке қарай, бұл тарихи мән-маңызы айрықша даңқты ерлік осы кезге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Сондықтан Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке "Халық қаһарманы" атағын беру туралы жарлыққа қол қойдым. Осылайша, біз бүгін бір ел болып тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз", – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы "Халық қаһарманы" Кенжебай Мәденовтің ұлы Махамбет Кенжебайұлына айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз бен "Отан" орденін салтанатты түрде тапсырды.

Кенжебай Мәденұлы Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақтан облысы Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округі Ақтай-сай ауылында туған. 1950-1974 жылдар аралығында Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарындағы ҚазКСР МҚК органдарында қызмет атқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері. 1974 жылы 26 желтоқсанда дүниеден өткен.

Кенжебай Мәденов 1944 жылы 19 жасында 266-атқыштар дивизиясы 1008-полкі 2-батальоны 5-ротасының взвод командирі болып тағайындалған. 1945 жылы 29 сәуірде Берлин шайқасында қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Берлин операциясы кезінде қаланың Рейхстагтан кейінгі маңызды әкімшілік орталығы Ратуша ғимаратының төбесіне Қызыл Туды орнату Кенжебай Мәденов басқарған взводқа тапсырылып, ол бұйрықты ерлікпен орындады. Бұл Кеңес әскеріне рух беріп, шабуылдың қарқынды жалғасуына ықпал етеді. Кенжебай Мәденов бастаған жауынгерлердің осы ерлігі Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуковтың "Естеліктер мен толғаныстар", 5-екпінді армияның Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-лейтенант Ф.Е. Боковтың "Жеңіс көктемі", 1948 жылы КСРО Қарулы Күштері министрлігінің баспасы шығарған "Берлинді алу" (Штурм Берлина) кітаптарында суреттелген.

Оның есімі мектеп оқушыларына арналған 1985, 1993 және 2004 жылдары жарық көрген Қазақстан тарихы оқулықтарына енді. Сондай-ақ, Кенжебай Мәденовтің ерлігін Клаус Похе және Ганс Олива атты германиялық журналистер "Соғыс аяқталған түн" деген еңбектеріне арқау еткен. Батырдың құрметіне 2001 жылы желтоқсанда Атырау облысы бойынша ҰҚКД ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Ал 2005 жылы Атырау қаласында Кенжебай Мәденовтің атына көше берілді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!