- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев ғылым саласына...
Тоқаев ғылым саласына қатысты кеңес отырысын өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ғылым саласына көңіл бөлу аса маңызды іс екенін айтты.
"Шын мәнінде, бүгінгі басқосудың мән-маңызы зор. Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті бұл - ғылым. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы - білімнің жемісі. Әсіресе, қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту - мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі", - деді Президент.
Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылғанын, оның құрамына зор мән берілгенін мәлімдеді.
"Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Сол себепті менің жарлығыммен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған Президент жанындағы кеңес мәртебесі берілді. Бұл - мемлекеттің ғылым саласындағы басымдықтарына қатысты ұсыным әзірлейтін негізгі құрылым. Біз кеңесті жасақтаған кезде оның құрамына айрықша мән бердік. Қазақ ғылымына зор еңбек сіңірген аға буын өкілдерін және шетел ғалымдарын шақырдық. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген жас ғалымдарымыз да кеңестің құрамына қосылды. Бізге алдыңғы толқынның мол тәжірибесі, кейінгі толқынның озық білімі және тың идеялары аса қажет. Олар өзара үйлесім тауып, еліміздің кәдесіне жарайды деп сенемін", - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы әлемде ғылым саласында сан түрлі өзгеріс болып жатқанын жеткізді.
"Біз, ең алдымен, жұмыстың негізгі бағдары мен басымдықтарын айқындап алуымыз керек. Қазір әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Геосаясат, экономика және қоғамдық қатынастар бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болды. Ғылым мен технология өте қарқынды дамуда. Ғылым саласы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Технологиялық ірі корпорациялардың құны триллион долларға жетті. Нейрожелі және жасанды интеллект революциялық үдерістерге бастау болып жатыр. Соған сәйкес мүлде бөлек, жаңа өмір салты қалыптасып жатыр. Оның пайдалы жақтарымен қатар зор қатер туғызуы мүмкін зиянды тұстары да бар. Жасанды интеллектіге байланысты, тіпті, Илон Масктің өзі алаңдаушылық білдіріп, оның дамуын әзірше тоқтату керек деп айтқан екен. Өйткені жасанды интеллект бүкіл адамзатқа үлкен қауіп төндіруі мүмкін деп ескерткен. Энергетика, медицина, био және гендік инженерия саласында іргелі жаңалықтар ашылды. Оның бәрі адамзат өміріне түбегейлі өзгерістер әкеле бастады", - деді Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова