- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Грузияның премьер-министрімен...
Тоқаев Грузияның премьер-министрімен кездесті
Мемлекет басшысы Грузияның премьер-министрі Ираклий Гарибашвилимен кездесті, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Катар экономикалық форумы аясында Грузияның премьер-министрі Ираклий Гарибашвилимен кездесу өткізді.
Кездесуде екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
"Сіздің назарыңызды мына бағыттардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына аударғым келеді. Соның ішінде өзара сауда көлемін ұлғайту. Менің ойымша, біз өнімдерді өзара жеткізуді арттыра аламыз. Қазақстанға және Орталық Азияның басқа да елдеріне тауар жеткізу жағынан Грузияның үлкен қоры бар. Осы бағытта тығыз жұмыс істеуге дайынбыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласында, соның ішінде Қазақстанның Ақтау және Құрық айлақтарының, сондай-ақ, Батуми теңіз айлағының әлеуетін пайдаланып, екі ел арасындағы жүк тасымалын бірлесіп жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде Ираклий Гарибашвили Дохада кездесуге уақыт бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Грузияның Қазақстанмен арадағы көпжақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін растады. Грузияның премьер-министрі келесі айдың аяғында Қазақстанға келуді жоспарлап отыр.
Ж. Қадыржанова