Тоқаев Грузия премьер-министрімен шағын құрамда келіссөз жүргізді

Тоқаев Грузия премьер-министрімен шағын құрамда келіссөз жүргізді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Грузия премьер-министрі елімізге ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе шағын құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзеге ілтипат көрсетіп, бұл сапар қазақ-грузин серіктестігін нығайтуда өте маңызды екенін атап өтті.

"Бұл сапар табысты болатынына сенімдімін. Қазақстан Грузияны стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі дәстүрлі серіктесі ретінде қарастыратынын атап өткім келеді. Біз көптеген бағытта, соның ішінде экономикалық немесе гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнаттық. Мұндай ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасуға тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы ретінде ынтымақтастығымыз қарқынды дамып, нәтижелі болуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Сіздер - Қазақстанның стратегиялық серіктесісіздер. Еліңізбен достықты және ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қазақстандықтар сіздің еліңіз бен халқыңызды шын мәнінде құрметтейді. Бүгінде көптеген турисіміз Грузияға барып, жақсы көңіл күймен оралып жүр. Әрине, әлі де іске асырылмаған мүмкіндіктеріміз мол. Сондықтан екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін қолда бар әлеуетімізді тиімді пайдалануға бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Ираклий Кобахидзе Қазақстанға ресми сапармен келіп, жоғары деңгейде кездесу өткізуді өзіне зор мәртебе санайтынын айтты.

"Біз Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Серіктестігіміз стратегиялық сипат алғаны қуантады. Ынтымақтастығымыздың негізгі мәні де осында. Алайда, өзіңіз атап өткендей, жүзеге аспаған әлеуетіміз жетерлік. Сондықтан оны толық іске асыруға күш салуымыз керек. Елдеріміз арасындағы берік саяси және экономикалық, сондай-ақ, білім беру, мәдениет және басқа да көптеген саладағы ықпалдастықты қолдаймыз. Барлық бағыттағы байланыстарды арттыруға айрықша ниеттіміз. Бұл сапардың маңызы ерекше. Өйткені біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Бұл құжат екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. Серіктестігіміз ортақ құндылықтарға негізделген, сондықтан қарым-қатынасымыздың әлеуеті зор. Елдеріміз арасындағы достық пен өзара ықпалдастыққа қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын", – деді Грузия премьер-министрі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget