Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның The News International газетіне көлемді сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы президент Дональд Трамптың ішкі саясаты туралы сауалға жауап берді.
- Бүгінде саясаткерлердің бәрі АҚШ-тағы жағдайды жіті бақылап отыр. Сіз Америкадағы ахуалға, нақтырақ айтқанда, президент Дональд Трамптың ішкі саясатына қандай баға бересіз?
- Президент Трамп - өте тегеурінді әрі көреген көшбасшы. Ол елінің ұлттық мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды. Мұны АҚШ экономикасының жоғары көрсеткіштерінен, сондай-ақ, қазіргі кезде ел ішінде жүріп жатқан ауқымды реформалардан, әсіресе, әлеуметтік саладағы оң өзгерістерден аңғаруға болады. Мен оның ақыл-парасатқа құрылған саясатын және заң үстемдігін орнатуға бағытталған әрекетін қолдаймын. Қазақстанда да осыған ұқсас бағдарды басшылыққа алып, қоғамда "Заң және тәртіп" қағидатын орнықтыруды мақсат етіп қойдық. Сонда ғана еліміз осынау алмағайып заманда іргесі мықты мемлекетке айналады. Менің ойымша, азаматтар заңды және құқық қорғау органдарының талаптарын мүлтіксіз сақтап, оларды құрметтеуге тиіс.
Сонымен қатар, Президент Гренландияның болашағы туралы пікір білдірді.
- Өте тәжірибелі дипломат ретінде Гренландия аумағына әскери оккупация жасалуы мүмкін деп ойлайсыз ба? Сіздің пікіріңізше, қандай сценарий шындыққа жақын?
- Мен бұл мәселеге басқа қырынан қарар едім. Халықаралық тәжірибеде мемлекеттер белгілі бір аумақты немесе стратегиялық нысанды жалға алу шартын жасаған мысалдар аз емес. Әдетте ортақ мүдде және өзара тиімді мақсатқа жету тұрғысынан осындай мәмілелер жасалады. Бір сөзбен айтқанда, осы іспеттес кез келген шешім халықаралық құқық аясында, соның ішінде БҰҰ жарғысында бекітілген мемлекеттің егемендігін құрметтеу секілді қағидаттарды сақтай отырып қарастырылуға тиіс. Мәселен, Америка Құрама Штаттары мен Данияға Гренландияны 120 жылға жалдау туралы келісім жасауға болар еді. Бұл мәмілеге сәйкес Гренландия заң жүзінде Данияның бір бөлігі болып қала береді, сәйкесінше оның егемендік құқығы бұзылмайды. Ал практикалық уағдаластықтар стратегиялық мүддеге сай келеді. Тараптар өзара диалог пен жауапкершілігі зор саясатты басшылыққа алып, халықаралық құқықтан ауытқымай, түптің түбінде прагматикалық әрі екі жаққа да тиімді келісімге келеді деп үміттенемін.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова