- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Францияда алпауыт...
Тоқаев Францияда алпауыт компания басшыларымен не талқылады?
Кеше 29 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Франция президенті Эмманюэль Макрон Елисей сарайында күтіп алды. Одан бөлек, Тоқаев Францияда алпауыт компания басшыларымен кездесті. Президент компания басшыларымен не талқылады? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Ең алдымен, Тоқаев Макронмен кездескеннен кейін Француз халықаралық қатынастар институтының негізін қалаушы Тьерри де Монбриальмен жүздесті. Әңгімелесу барысында олар өзекті геосаяси мәселелер мен әлемдегі процестердің даму перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Артынша Мемлекет басшысы Франция Сенатының төрағасы Жерар Ларшемен кездесті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, Эмманюэль Макронмен жүргізілген келіссөз Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестіктің стратегиялық сипатын растады.
Жерар Ларше елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Ол Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін өзара белсенді іс-әрекет жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Тоқаев Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонды қабылдады. Олар кездесуде жаңартылатын қуат көздері саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырды.
Артынша Мемлекет басшысы Air Liquide компаниясының президенті Франсуа Жаковты қабылдады. Франсуа Жаков Қасым-Жомарт Тоқаевқа техникалық газ өндіру саласына маманданған Air Liquide компаниясы бұған дейін Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын бірнеше жобаны жүзеге асырғанын айтты.
Мемлекет басшысы Orano S.A компаниясы Директорлар кеңеcінің төрағасы Клод Имовенді қабылдады. Кездесу барысында атом өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды.
Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Alstom компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Анри Пупар-Лафаржды қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына компанияның инвестициялық жобалары туралы мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы Total Energies директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуяннені қабылдады. Кездесуде Қазақстанның энергетика секторындағы ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сондай-ақ Президент Францияның жетекші компанияларының басшыларымен кездесті. Шараға Total Energies, Orano, Saint Gobain, Boehringer Ingelheim France, Soufflet Group, BPI France, Vicat, Syctom, Pellenc, FICT мал шаруашылығы қауымдастығы, Total Eren, PCM, Safran, Thales, Groupe EDF, Assystem, Alstom, Evolution International, MHB SAS, Exa International, Airbus, Rungis - Semmaris, MBDA, SOPREMA, Луи Викат және басқа да ірі компаниялардың басшылары қатысты.
Суреттер: Борт №1
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина