- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев елорданы дамыту...
Тоқаев елорданы дамыту жөнінде кеңес өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бүгін біз елорданы дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз. Биыл бас қаламыздың құрылғанына 25 жыл толды. Астана ширек ғасыр ішінде заманауи ірі қалаға айналды. Көп жұмыс атқарылды. Жетістіктеріміз аз емес. Елорда күн санап ұлғайып келе жатыр. Тұрғындар саны айтарлықтай көбейді. Алдағы жылдары қала халқының саны 1,5 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Бірақ, қаланың бас жоспарында бұл жағдай толық ескерілмеген.
Әрине, қаланың қарқынды дамығаны жақсы. Дегенмен, қазір осы үрдіс әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіріп отыр. Әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Мұны жұрт біліп отыр. Сондықтан, Үкімет те, әкімдік те соның бәрін шешу үшін жұмыла жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін тарту қажет.
Астананы көркейту, тұрмыс сапасын жақсарту – бәрімізге ортақ міндет. Біз қаңтар айында арнайы кеңес өткізіп, біраз мәселені талқыладық, мақсат-міндеттерді айқындадық. Содан бері жарты жылға жуық уақыт өтті. Енді атқарылған жұмыстарға тоқталамыз", - деді Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова