Мемлекет басшысы "Мыңжылдық" аллеясы мен Greenline желілік паркінің екінші кезеңіндегі абаттандыру жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Президентке Астана әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Мыңжылдық" аллеясын жүйелі дамытуды шұғыл қолға алу туралы тапсырманы 2023 жылы берген болатын. Жоспар бойынша аллея елорданың көркем жерлерінің біріне айналатын, кең әрі жайлы жасыл саябақ болуға тиіс еді.
Былтыр Президентке "Мыңжылдық" аллеясының ландшафтық мастер-жоспары таныстырылды. Сол кезде Байтұрсынов, Нұрмағамбетов, Нәжімеденов көшелері мен Тәуелсіздік даңғылының бойындағы желілік паркті, соның ішінде іргелес орамдарды абаттандырудың бірінші кезеңі басталды.
Биыл көктемде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры мен "Нұрлы жол" вокзалының маңында жұмыстар басталды.
Greenline гүлзары сол жағалаудағы "Нұра" ауданында орналасқан. Былтыр мұнда 3,8 гектар аумақты қамтыған жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталды. Жоба жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын, сәулеттік элементтер мен жасанды тоғандарды қамтиды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!