Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет екенін мәлімдеді.
"Бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынып, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның арқасында білім саласын таңдаған жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан аса түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 2 мыңнан астамы - мектепті "Алтын белгімен" бітіргендер", - деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс.
"Елімізге тағы да 5 мыңнан аса мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді. Кейінгі жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс", - деді Президент.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!