Тоқаев еліміздегі көзі ашық және ілгері қоғамдық-саяси күштерге үн қатты

Тоқаев еліміздегі көзі ашық және ілгері қоғамдық-саяси күштерге үн қатты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсат болып қала беретінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Президент елордадағы "Атамекен" этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.

"Әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес. Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек алға, жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет. Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болып жатыр. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын. Халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, бұл – елдің табысты дамуының бірден-бір шарты, тиімді әрі ұзақ мерзімді факторы.  

"Реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және ілгері қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget