Тоқаев еліміздегі бірқатар театр, филармонияға мәртебе беруді ұсынды

Тоқаев еліміздегі бірқатар театр, филармонияға мәртебе беруді ұсынды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент салтанатты іс-шараға қатысушыларды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.  

"Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды. Бүгін кәсіби мереке күні еліміздегі мәдениет және өнер саласы мамандарына шынайы алғысымды білдіремін! Қазақ – өнердің киесін ұғатын, өнерпаздың қадірін білетін жұрт. Біз ерекше дарын иелеріне әрдайым лайықты құрмет көрсетеміз. Жұртымыз "Өнердің өрісі кең" деп сіздерді қашанда қадірлеген. Міне, бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Шын мәнінде, руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтты.  

"Бұл жай ғана өзгерістер емес: еліміздің болашағына тікелей қатысы бар, мағынасы ауқымды, терең, кешенді, жүйелі реформалар жасалып жатыр. Мақсатымыз – Отанымызды күшті, озық мемлекет ретінде дамыту, сондай-ақ, дарынды, отаншыл, жігерлі және көзі ашық, көкірегі ояу жастардың өмір жолын ашып беру. Наурызда бәріміз бір ел, бір халық болып конституциялық реформаға бірауыздан қолдау көрсеттік. Ортақ іске мәдениет саласының мамандары мен өнер қайраткерлері де белсене атсалысты. Саяси науқан кезінде халқымыз еліміздің жарқын болашағына үлкен сеніммен қарап, тарихи таңдауын жасады. Осылайша, жаңа Конституциямыз тұғырына қонды. Расында, бұл Қазақстанның келешегін айқындайтын маңызды шешім болғаны анық. Ата заң – ел тәуелсіздігі мен мемлекеттігінің мызғымас кепілі, халқымыз жүріп келе жатқан жолдың басты темірқазығы. Конституцияда ұлтымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен арман-тілегі айқын көрініс тапты. Ата заңға сәйкес еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау - бұлжымас қағидат", – деді Президент.

Президент ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отыратынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне де баса назар аударылғанын жеткізді.

"Енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа жасалып жатыр. Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын. Мәселен, кейінгі бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі екі есе өседі. Тек былтырдың өзінде елімізде 61 мәдениет нысаны салынды. 250-ден аса мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Былтыр үш бірдей мұражайға "Ұлттық" мәртебе берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Меніңше, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға "Ұлттық" мәртебе берілсе, орынды болар еді. Сондай-ақ, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына "академиялық" мәртебе беру керек деп есептеймін. Бұл өнер ұжымдары тұтас еліміздің рухани мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді", – деді Президент.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget