Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты екенін айтты.
"Ең алдымен баршаңызға дәстүрлі тамыз конференциясының ашылуы құтты болсын! Бұл – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру мәселесіне арналған өте маңызды басқосу. Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін!" - деді Мемлекет басшысы.
Президент мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жүргенін жеткізді.
"Ыбырай Алтынсарин "Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін" деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс", - деді Тоқаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз