Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір міндет еліміздің энергетикалық және инфрақұрылым негізін нығайту екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі.
"Экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажет. Бұл маңызды үштаған - кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның да негізгі тірегі. Сондықтан біз энергетикалық және коммуналдық салаларды жан-жақты жаңғырту жұмысын қолға алдық. Осы мақсатта бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін тек биылдың өзінде 1 триллион теңгеден аса қаржы бөлу жоспарланып отыр. Артық шығынға әкеп соғатын тиімсіз "әрлеу, яғни жөндеу" тәсілінен бас тартып, өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін барлық нысан мен жүйені түбегейлі жаңғырту жұмысы жүргізіледі", - деді Президент.

️Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстанның энергетикалық балансында көмір, мұнай, газ секілді отын түрлері басым.
"Көмірсутегі ұлттық экономиканың негізі болып, бюджетке валюталық түсімнің қомақты бөлігін қамтамасыз етеді. Мұнай-газ шикізаты – экспорттан пайда әкелуімен қатар, қалаларымыз бен ауылдарымызды қамтамасыз ететін бағасы қолжетімді жылу мен қуат көзі. Сондықтан біз елді мекендерге газ құбырын тартуды жеделдетуді жоспарлап отырмыз. Көгілдір отынмен қамту көрсеткішін (қазір 65 пайызға жуық) 80 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды", - деді Президент.
Үкімет дәстүрлі қуат көздерімен бірге "жасыл" энергетикаға баса мән беріп отыр. Оның энергетикалық теңгерімдегі үлесі 7 пайызға жетті.
"Қарқынды өсіп келе жатқан экономиканы қамтамасыз ету үшін 2029 жылға қарай 13 гигаваттан аса жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Осы орайда, олардың кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздері есебінен жүзеге асырылмақ. Әйтсе де пайдалы қазбаларымыз, соның ішінде көмірдің мол қоры – табиғат сыйлаған артықшылығымыз. Мұны толық пайдалануымыз керек. Сондықтан биыл наурызда Таза көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоба қабылданды. Алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін технологияларды пайдаланатын үш жылу электр станциясын салуымыз керек. Мұны созуға болмайды. Әйтпесе істен гөрі сөз көбейіп кетті. Қазақстан - әлемде уран өндіру бойынша көшбасшы және ядролық инфрақұрылымы бар ел. Сондықтан атом генерациясын өте дұрыс таңдадық. 2024 жылғы тарихи референдум кезінде халық қабылдаған шешім, шын мәнінде, өркениетті сипатқа ие. Бұл – елдің энергетикалық дербестігінің кепілі, қуатты көп тұтынатын келешек цифрлық экономиканың сенімді тірегі. Келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады", - деді Президент.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова