- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Экология министрлігінің...
Тоқаев Экология министрлігінің жұмысын сынға алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында Экология министрлігінің жұмысын сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кәріз жүйесі су ағынына төтеп бере алмайды. Жуырдағы жаңбыр кезінде осыған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жаңа нөсер кәрізінің құрылысы толық аяқталған жоқ. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс. Жалпы, бас қаланы сумен қамтамасыз етудің және су тартудың тиімді жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл - тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті басты талаптардың бірі. Тағы бір өте өзекті мәселе - қалдық суды тазарту. Қазір қалада бір ғана кәріз тазарту қондырғысы бар, яғни оның жұмыс жүктемесі шамадан тыс болып тұр. Бүгінде тәулігіне қосымша 140 мың текше метр суды тазарту қажет.
Осындай екінші қондырғы үшінші сорғы-сүзгі стансасымен қатар салынуға тиіс еді. Үшінші сорғы-сүзгі стансасы пайдалануға берілейін деп жатыр. Ал кәріз тазартудың екінші қондырғысын жобалау жұмыстары әлі біткен жоқ. Жұмысты дұрыс жоспарламаудың кесірінен түйткілдер қордалана береді. Сондай-ақ, келесі жылы төртінші сорғы-сүзгі стансасын салуға кірісу керек. Тельман елді мекеніндегі сорғы стансасынан техникалық су құбырын тартудың екінші желісінің құрылысын да бастау қажет.
Бұдан бөлек, әкімдікке келесі жылдың соңына дейін қалдық суды жинақтайтын Қарабидайық көлін кеңейтуді тапсырамын. Қазір тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластап жатыр. Үкімет осы ағызылатын қалдық судың көлемін нормативтік тұрғыдан реттеуі қажет. Елордада экология талаптары қатаң сақталуға тиіс. Сондай-ақ, жауын-шашын болғанда көшелерді су басып кетеді. Бұл да өзекті мәселе болып отыр", - деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова