Тоқаев ЕҚДБ президентін қабылдады

Тоқаев ЕҚДБ президентін қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында өткен кездесуде Қазақстан мен қаржы институтының таяу жылдардағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Президент еліміздің экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін ЕҚДБ басшылығына ризашылық білдірді.

"Бізді стратегиялық қарым-қатынас байланыстырады. Қазақстан – банктің негізгі серіктесі саналатын мемлекеттің бірі. Мұндай ынтымақтастық біздің ұзақ мерзімді саясатымызға сай. Өзара ықпалдастығымыз көптеген жылдан бері табысты ілгерілеп келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кейінгі отыз жылда банк Қазақстандағы 354 жобаға 11 миллиард еуродан аса инвестиция құйған. Соның нәтижесінде еліміз ЕҚДБ-ның аймақтағы ірі серіктестерінің біріне айналды. Бүгінде даму институты Қазақстанда жалпы құны 3,1 миллиард еуродан асатын 131 жобаны қаржыландырып отыр.

Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі мен ЕҚДБ арасында серіктестік туралы келісімге қол қойылғанын құптады. Оның аясында еліміздің орнықты дамуына үлес қосу көзделген. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір Қазақстан әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және технологиялық тұрғыдан озық экономика құру мақсатында өршіл реформаларды қолға алды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget