- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Екібастұздағы ТЖ...
Тоқаев Екібастұздағы ТЖ туралы: Бізде қордаланған мәселелерді үндемей қалдыру тәжірибесі бар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тоқаев Екібастұздағы жағдай - нағыз апат екенін атап өтті.
"Қала тұрғындарына шыдамдылық пен азаматтық жауапкершілік танытқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Еріктілерге жұмысы үшін алғыс айтқым келеді.
Бұл жағдай мемлекеттік органдар мен табиғи монополиялар субъектілерінің жылу беру маусымына деген жауапсыздығын айқын көрсетті. Бізде қордаланған мәселелерді үндемей қалдыру тәжірибесі бар. Оның салдары ауыр болды, оларды жою үшін үлкен ресурстар қажет болды.
Менің ойымша, бұл жайттан сабақ алу керек, неге бұлай болғанын анықтау үшін тергеу жүргізу керек. Әрі қарай тиісті шешім қабылдаймыз", - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Еске салайық, 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал бүгін, 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Артынша ресми түрде Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды.
Екібастұзда төтенше жағдай режимі 8 желтоқсанда алып тасталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина