- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев EDF компаниясының бас директорына Қазақстандағы АЭС құрылысы туралы айтты
Тоқаев EDF компаниясының бас директорына Қазақстандағы АЭС құрылысы туралы айтты
Мемлекет басшысы Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонды қабылдады , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Électricité de France компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективасын талқылады.
Мемлекет басшысына атом электр станцияларын басқаратын әлемдегі ең ірі компанияның қазіргі қызметі мен жоспары туралы мәлімет берілді.
Президент жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан азаматтарының басым бөлігі еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысына қолдау білдіргенін айтты. Француз компаниясы АЭС құрылысына арналған ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енеді. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде осы маңызды жобаны жүзеге асырудың ықтимал моделі ретінде халықаралық консорциум құру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.
Люк Ремон өз кезегінде "Қазатомөнеркәсіп" компаниясымен өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін растады. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы перспективті жобаларды жүзеге асыруға қатысты ойымен бөлісті.
EDF - электр қуатын өндірумен және таратумен айналысатын Францияның мемлекеттік компаниясы. Компания 67 атом реакторын басқарады, оның 56-сы - Францияда, 9-ы - Ұлыбританияда, 2-еуі Қытайда орналасқан (бұл - әлемде пайдаланылатын атом электр станцияларының жиынтық қуатының шамамен 18 пайызы). Компания Францияда тағы 14 реактор салуды жоспарлап отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан