Тоқаев “Достастық жәрмеңкесі“ атты бағдарламаны іске қосуды және оны Таразда өткізуді ұсынды

Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде "Достастық жәрмеңкесі" атты бағдарламаны іске қосуды және оны Таразда өткізуді ұсынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің пікірінше, әлем экономикасында тұрақсыздық белең алып тұрған жағдайда сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері ұдайы назарда болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ТМД нарықтары қашанда маңызды екенін жеткізді. Еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде.

"2023 жылы қабылданған Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісім сауда-экономикалық байланыстарымызды жан-жақты тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін. Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация, кедендік реттеуді оңтайландыру, жаңа логистика тізбектерін қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша ықпалдастықты күшейту жұмыстарын жалғастырудың маңызы зор. Бүгінде жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары. Осыған орай "Достастық жәрмеңкесі" атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл шаһар ежелде Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды торап болғандықтан "керуеншілер қаласы" деп те аталған", – деді Президент.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық кооперацияның тиімділігі көлік дәліздерінің дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан негізгі халықаралық бағыттардағы теміржол инфрақұрылымын жаппай кеңейтуге кіріскенін айтты.

"Былтыр ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күрежолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынған едім. Бұл жұмысты мейлінше тезірек аяқтауымыз керек. Жалпы, "Бір белдеу, бір жол", "Солтүстік – Оңтүстік", Транскаспий бағыты сияқты жаһандық жобаларды өзара үйлестіру Еуразия құрлығындағы экономикалық, институционалдық және көлік-логистикалық дамудың бірыңғай тұжырымдамасын құруға мүмкіндік береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды перспективті міндеттің бірі деп атады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз