Тоқаев Данияның сыртқы істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссенді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Дания Корольдігінің сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссенмен кездесті.  

Мемлекет басшысы Данияны Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропалық одақтағы сенімді серіктесі деп атады. Келесі жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады.  

"Біз Данияны Еуропаның беделді және ықпалды мемлекеті және сенімді серіктес ретінде қарастырамыз. Екіжақты ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Бұл мүмкіндікті толық пайдалану үшін тараптар осы бағытта белсенді әрі мақсатты түрде жұмыс істеуі қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытудың оң динамикасы айтылды. Президенттің сөзінше, өзара ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі жеткілікті.  

Мемлекет басшысы Carlsberg компаниясы Алматы облысында маңдайалды инвестициялық жобаны қолға алғанын құптап, кәсіпорынның Қазақстанда тамақ өнеркәсібін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Дания сыртқы саясат ведомствосының басшысы алдағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтап, осы жылдар ішінде еліміз айтарлықтай табыстарға қол жеткізгеніне тоқталды.

Бұдан бөлек, ол Дания Қазақстанмен саяси диалогты одан әрі нығайтуға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін растады.

"Қазақстан - Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел. Мұнда Данияның көптеген компаниясы жұмыс істейді. Олар осы серіктестікті алдағы уақытта кеңейте түсуге қызығушылық танытып отыр", – деді Дания сыртқы істер министрі.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ларс Лёкке Расмуссен көлік-логистика, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, аса маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы және су қауіпсіздігі салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасы жөнінде пікір алмасты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!