Тоқаев БҰҰ-ның жоғары өкілдер тобымен кездесті

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның жоғары өкілдер тобымен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент осындай салмақты делегацияның келуі Орталық Азия мен одан тысқары жерлердегі экологиялық мәселелердің шешімін табудағы БҰҰ-ның рөлін талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның Өңірлік экологиялық саммит пен жиынның күн тәртібін әзірлеуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы геосаяси тұрақсыздық белең алған шақта климат өзгерісі, қоршаған ортаның нашарлауы және су ресурстарының тапшылығы секілді қазіргі сын-қатерлерге қарсы іс-қимылды үйлестіру өте өзекті екеніне тоқталды.

"Қазақстанның тиімді әрі көпжақты дипломатияны қолдайтынын жақсы білесіздер. Қарабайыр күш халықаралық құқыққа үстемдік етіп отырған, геосаяси ахуал ушыға түскен құбылмалы кезеңде сіздермен жолығып отырмыз. Кеше осы күрделі мәселелер жөнінде егжей-тегжейлі баяндадым. Халықаралық қоғамдастық мұны Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да көпжақты құрылымдар шеңберінде бірлесе шешуі керек", – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаһандық мәселелерді шешуде мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыра алатын БҰҰ-ның әмбебап халықаралық платформа ретіндегі баламасыз рөліне назар аударды. Осы орайда ұйымның тиімділігі мен беделін көтеруге арналған Бас хатшының UN80 бағдарламасын қолдайтынын тағы да атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ делегациясының мүшелеріне елімізде әділетті әрі орнықты мемлекет құруға бағытталған ауқымды реформалар іске асырылып жатқанын айтты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!