Мемлекет басшысы Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына, Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумға қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов пен президент Сердар Бердімұхамедовті Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.
Мемлекет басшысы Түрікменстанның саяси ұстанымы тұтас Еуразия құрлығының тұрақтылығы мен орнықты дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Бұл форумда көтерілген бастамалар ХХІ ғасырдағы бейтараптықтың мән-маңызына жаңаша көзқарас қалыптастырады.
Қазақстан Президенті Түрікменстанның бейтарап саяси ұстанымы түрікмен халқының сан ғасырлық мәдени дәстүрімен және рухани құндылықтарымен үйлесетінін айтты.
"Түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаушы, шығыстың көрнекті ойшылы Мақтымқұлы Пырағы: "Тыныштық болса ел өседі, әділдік болса сенім күшейеді" деген. Ұлы данышпанның дүниені терең таныған идеялары қазіргідей алмағайып халықаралық жағдайда да өте өзекті бола түскені сөзсіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ашхабадтың Халықаралық бейбітшілік және сенім жылын жариялау туралы бастамасы ерекше мәнге ие болғанын жеткізді. Президент еліміз осы маңызды қарарды қуаттағанын айта келіп, бейбітшілік пен келісім Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясының іргетасы саналатынына назар аударды.
"Жекелеген кикілжіңдер реттелгеніне қарамастан, әлемдегі жалпы ахуал әлі де ушығып тұр. Адамзат өзара сенім, толеранттылық, орнықты даму үшін бейбітшілік пен ынтымақтың маңызын түсіну секілді іргелі факторларға зәру. Сонымен қатар, кейбір күмәнді ережелер алға шығып, халықаралық құқықтың әлсірей бастағаны, көпжақты құрылымдардың, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігінің төмендегені өкініш тудырады. Стратегиялық теңгерімді қалпына келтірмей, әлемде әділ тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде қалып, көпжақты форумдардың қарарлары мен келіссөздердегі ізгі тілек ретінде ғана көрініс табады. Сол себепті Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды. Бас Ассамблеяның 80-сессиясы аясында мен БҰҰ жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін пікірлестер тобын құру идеясын көтердім", – деді Президент.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова